Ғылым Ордасының төрінде ақын Әділет Ахметұлының «Алтын Орда аманаты» атты шығармашылық кеші және «Жұмжұма сұлтан» кітабының тұсаукесері өтті. Орталық ғылыми кітапханамыздың қызметкері, талантты ақын Әділет Ахметұлы осыдан 650 жыл бұрын жазылған түгел түркі жұртына ортақ мұраны аударып, 1-желтоқсан мереке қарсаңында кітап етіп оқырман қауымға ұсынды.

Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиетінің көрнекті өкілі, XIV ғасырда өмір сүрген Хұсам Кәтибтың «Қисса-и Жұм-Жұма Сұлтан» («Жұм-жұма сұлтан туралы әңгіме») атты дастанын нәзиралық жолмен аударып, «Ғылым Ордасы» баспасынан басып шығардық. Хұсам Кәтибтің қаламынан туындаған бұл поэмасы hижра жылы бойынша 770 жылы, XIV ғасырда (1368-1369) жылдары түркі тіліндегі қыпшақ диалектісінде жазылған. Зерттеушілердің ғылыми тұжырымдары бойынша бұл дастанды XII ғ. өмір сүрген Фарид ад-дин Аттардың «ЖұмЖұма-нама» атты шығармасының негізінде парсы тілінен еркін түрде аударып түрік тілінде жарыққа шығарған болатын. Бұл дастанда інжіл (киелі кітап) мен Құрандағы дене мен жанның дауы жөніндегі сюжетін көрсетеді. Қисса-и-Жұмжұманың (қазақша нұсқасы) басы былай келеді:

Жігіттер, иманыңнан күдер үзбе,

Айтайын аз мысал енді сізге,

Бұрынғы өтіп кеткен Ер Жұм-жұма,

Қылыпты қамқоршылық бұрын бізге.- деп келіп имандылыққа тәрбиелейтін бұл қиссаның қазірге дейін 6 нұсқасы бар деп айтылып жүр:

  1. «Жұмжұма хикаяты» (Хикайат-у Джумджума) – 12 ғасырда өмір сүрген араб жазушысы Сүлеймен ибн Дауд ас-Саксинидің (саксин қаласынан шыққан) «Зухрат ар-рийад ва нузхат ал-кулуб ал-мирад» («Бақтардың әдемілігі және жаралы жүректі жұбату») деп аталатын араб тіліндегі прозалық нұсқасы;
  2. «Жұмжұма» – 14 ғасырдың ортасында өмір сүрген араб әдебиетшісі Шихаб ад-дин ал-Абшихтің «Китаб ал-мустатраф фи кулл фанн ал-мустазраф» («Әсемдіктің әрбір түріндегі қызықтар жайлы кітап» ) деп аталатын  араб тіліндегі прозалық нұсқасы.
  3. «Қу бас» – В.В. Радловтың 1870 жылы «Оңтүстік Сібір мен Жоңғар даласындағы түркі тайпаларының халық әдеби мұраларының үлгілері» атты кітабында жарияланған нұсқасы;
  4. «Қисса-и Жұмжұма» – 1883 жылы Қазан баспасынан араб әрпімен жарық көрген қолжазба;
  5. «Хикаят султан Жұмжұма» – Памир тауларының етегіндегі Ауғаныстанның Ишкашим қаласындағы жергілікті халық әлі күнге дейін ұлттық аспаптарына салып жырлайтын нұсқасы;
  6. «Хикаят раджа Джумджума» (Hikayat Raja Jumjumah) – 1883 жылы Лондоннан шығатын «Азия журналына» ағылшын тілінде жарияланған нұсқа;

Хұсам Кәтибтің «Қисса-и ЖұмЖұма Сұлтан» атты поэмасы үлкен қызығушылықты танытатын түркі-қыпшақ поэзиясының маңызды ескерткіші және XIV ғасырдағы «Алтын Орда» немесе «Қыпшақ» әдебиетінің бірден-бір түркі дәуіріне жататын дастаны болып табылады. Елбасымыз атап кеткен Алтын орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл туындының жарыққа шығуы қазақ ғылымының дамуына тамшыдай болса да үлесіміздің қосылғаны деп білемін.

Біздің Орталық ғылыми кітапхананың Сирек қорында Юмачиков Маулекей «Қисса-и Жумжума» атты Қазан қаласынан  1881-1917 жылы басылып шыққан нұсқалары түгел бар. Ал Әділет кітабында бірнеше нұсқаларды қоса келе,  нәзиралық жолмен дайындалған өз нұсқасын да ұсынып отыр. Сонысымен де бұл кітаптың құндылығы білінеді. Сондай-ақ ақынның «Алтын Орда аманаты», «Ұлы сапар», «Мәңгі ел жыры» қатарлы екпінді жырлары да қоса берілген.

Ұжым жастары осы бір қуанышты хабардан соң, замандас жас ақын Әділеттің шығармашылығын бөлісіп, оқырманға таныту мақсатында шығармашылық кешін жоғары деңгейде өткізіп беруге ат салысты. Кеш барысын ұйым басшысы Нұрлан Бақытжанұлы мен Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызы құттықтау сөзін айтып, ақынға шығармашылық қолдау білдірді. Ақжарма тілектен соң, Құрманғазы атындағы Ұлттық консеровоториясының студенті Қастер Қабдылды Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» атты күйін күмбірлетті.

Алпыс екі тамырымыздағы қазақы рухты тулатқан дүбірлі күйден кейін, осы тұсауы кесілгелі отырған кітаптың алғы сөзін жазған, Әділеттің ұстазы, Филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ботагөз Мырзабайқызына сөз берілді. Ұстаз жасаған ғылыми талдаудан соң,  түркі дүниесі бірнеше әдеби сыйлығының иегері,  ақын, жазушы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы «Жұмжұма сұлтанды» сөйлеткен ақын»  атты баяндама жасап, жұрттың қызығушылығын тудырған «Жұмжұма» туралы екжей-текжейлі баяндады және жас ақын, қаламдас інісі Әділеттің поэзиясы жөнінде тұшымды ой, сындарлы сын айтты. Сонымен қоса, кітапханамыздың қызметкерлерінің орындауында Әділет Ахметұлының жыр шумақтары оқылып, алыс-жақын елдерден онлайн қатысып отырған көрермендер арасынан да жыр шумақтары тыңдалды. Әнін қазақтың белгілі композиторы Жарылқасын Дәулетұлы, сөзін Әділет Ахметұлы жазған «Атажұрт шақырады», «Жұбайым» атты әндерді талантты өнерпаз, жас әнші Бағжан Ерғайыптың және Қуаныш Рахманұлының орындауында тыңдап, қатысушылар мен көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Кереку елінен сазды сәлем жолдаған Бөкен Жігер атты азаматтың орындауында әдемі қобыз үнімен «Сұлубайдың әнін» тыңдадық. Алыс-жуықтан Әділеттің өлеңін оқып, бейнежазба арқылы той салтанатын асырған бүлдіршіндердің тәтті тілдері, тамылжыған үндері жан тебірентті. Арысы Стамбулдан, берісі Паволдар облысынан жолданған ыстық ықыласты лебіздер елгезек интернет желісі арқылы, көпшіліктің көңіліне көгілдір экран арқылы жол тартты. Кезі келгенде ақын Әділет Ахметұлы өзінің рухты өлеңдерін оқып, шаршы топтың алқауына бөленіп, ақ батасын алды. Автор төл қолтаңбасын қойып, өзінің тұңғыш жинағы «Әділетті» және жаңа ғана тұсауы кесілген «Жұмжұмасын» жиналған қауымға сыйлады.

Тамаша рухани кештің куәсі болған жұрт сындай ғылыми талдау, жылы лебіз, жарқын көңіл-күй сыйлайтын, рухани азық берер кештеріміз көп болғай, аспан астын жайлаған індеттің беті тез қайтып, өнерпаздарымыздың жолы ашық болсын десіп, тоқ көңілмен тарасты.

Сымбат ИГІЛІКҚЫЗЫ

әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты,

ҚР БҒМ «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітахана бөлім бастығы

6alash ұсынады