Қайың тағдыр

Жауыр, кәрі атандай дала жатты дерейіп,

Ағаш ектім Сарыарқа, жерге де біз берейік!

Балам көшет ұстап тұр,

– Бұл ағаштың аты не?

Баланың да сауалы кеткен шақ бұл кемейіп!

«Қайың» дедім, – жан балам,

Сен де осымен бір бүрле,

Тамырымен тамырлас, қызғалдақпен бір гүлде.

Қайың едім мен-дағы, топырағымнан ажырап,

Тамырымды сүйретіп жеттім елге бір күнде.

Тамырымнан су емес, қан ағып тұр ағайын,

Қия салу оңай ма, тамыры бір тоғайын?!

Құшағыңды аш Сарыарқа, қай қырқаңа қонайын,

Сенен сая іздегем, саған сая болайын!

Қайың сауып жан қалған «елім-ай» - лап жортқанда,

Қайың болып шыдағам, ырғай жебе жыртқанда.

Қайың еді керегем, шаңырағым, уық та,

Қайың ыстық сондықтан, маған қайын жұрттан да…

Қасиетті сары үкім қайыңға кеп қонатын,

Сол қайыңда байлаулы қалды менің торы атым.

Біздің мекен аттары: қайыңды бел, қайың көл-

Қайыңды арал, қайыңды, қайыңды сай болатын!

Қайың адалбақаным, қайыңқұрық ұстағам,

Қайың ердің қапталын қайыңтозбен тыстағам.

Ашамайым қайың ед, содан да мен ағайын,

Қайың болып өсем де, қайың болып қысқарам!

Астауым қайың, піспегім қайың үйілден,

Қайың иісі аңқиды қарапайым үйімнен.

Ұл өседі қайыңдай қайратты, айбатты,

Қыз өседі ибалы, аққайыңдай иілген!

Қайыңтозсыз отым да үрлегенмен жанбайтын,

Сонау жалғыз қайыңда байғыз ғана зарлайтын.

Ақ пейілді қазақпын, мәрт пейілді ақынмын,

Аққайыңсыз аруды елестете алмайтын!

Иендегі қайыңдай сағынышпын, зарлымын,

Сезінеді қайың да дүниенің тарлығын.

О, киелі Сарыарқа саған тамыр тартайын,

Қайың болып егілген менің қилы тағдырым.

Енді мені балалар, ат қылсаң да болады,

Ертең мінер еріңе қас қылсаң болады.

Өгізіңе ыңыршақ, шаңырақып немесе,

Талғанда егер өзегің ас қылсаң да болады.

Жауыңа атар найзаңа сап қылсаң болады!

Жер екенсің Сарыарқа қайың қаулап өсетін,

Қазақ болып қалайын қайың ғұмыр кешетін.

Шоқпар қылма досыңа, балтаңа да саптама,

Орманды да өзімді қайырылып кесетін!

Көкбайрақтан мәуе алып көгерейін, көктейін,

Тамырыма сенемін: «Тас болса да тес» дейін.

Тамырымды сүйретіп, асау тағдыр үйретіп,

Топырақсыз ғұмырды енді мәңгі кешпейін!

Көк өлең

 

Көкжайсаң, қалған дала көк түріктен,

Бір туғам табиғатпен, тектілікпен.

Құстардың махаббатын жыр етпеймін,

Жерде туып, қорықса көкке үріккен.

Көк сауыт, көк найзалы көк түркпін,

ұлысам, айға қарап көке ұлыппын.

Қорғап қалған далам бұл баһадүрлер,

Ауыздығын алмастан көк күліктің.

«Көкті жұлма» деп анам ырымдап ед,

Сонан шығар, нуым да, тым да көк.

Көз жасымыз көл болып жосығанда,

Көк еді қайран бабам жылынған от.

Көк бөрілі Жәнібек зәузатімін,

Көк сірікпін, тозбайтын тау басының.

Көк дөненмен шабайын қолыма ұстап,

Көк аспанға дүрілдеп лаула туым!

Ақжаңбыр көк аспаннан себелемей,

Көсегең күллі дүние көгеремей?!

Көгімде қалықтаған қыранның да,

Көзі көк, қос қанаты керегедей!

Балаймын байтақ жерді асылыма,

Бақытым қайғыры да, жасыды да.

Егемен 28 жылды бере алмаймын,

Өзгеның жиырма сегіз ғасырына!

Көгерді жерім, елім,аспаным да,

Көктүрік тарихы тұр тастарым да.

Көк пенен жер алланың алауындай,

Көкбайрақ желбірейды аспанымда!

Көк бәрі, достарым да, қастарым да,

Көкбөрі асқақ рухым, дастаным да.

Қазағым аймағы көк, байрағы көк,

Көк қалпы жатары хақ тас қабыр да!

 

Сары құм

Мәңгі жүмбақ ана Ертістің сарылын,

Тыңдай – тыңдай сарғайдың ба сары құм?!

Бауыңа сексеуіл боп көктедім,

Бассам ба деп бозінгеннің зарығын!

Үнсіздікке үнсіз ғана тіл қатып,

Егілмеңді ессіз кештім түн қатып.

Сыбырыңмен сұлу өмір сыйлапсың,

Сабырыңмен кірпігімді құрғатып!

Боран сені жатады ылғи өсектеп,

Қағырыңда қайсар өстім шешектеп.

Шөлдеп шөккен нары болсаң ғасырдың?

Суарайын түзгеніңнен жетектеп!

О, сары құм Ертісті ішші, дерт ішпе,

Сағынам тек, сенім іште, серт іште.

Сары балақтар нарбасыңа көктеген,

Мен жоғалтқан кекіл шығар, Ертіске?!

Дарыса екен кеңдігің мен сабырың,

Тандырыңда тарихм мен тағылым.

Менің бабам ұстап жатыр өлсе де,

Тораңғыңның терең тартқан тамырын!!!

                     Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

6alash ұсынады